«Бала тәрбиесінде бірізділік – табыстың кілті» жалпы ата-аналар жиналысы
«Таңшолпан» бөбекжай-бақшасында «Бала тәрбиесінде бірізділік – табыстың кілті» тақырыбында жалпы ата-аналар жиналысы ұйымдастырылып, өткізілді.
Жиналыстың мақсаты – бала тәрбиесіндегі отбасы мен балабақша арасындағы сабақтастықты нығайту, тәрбие үдерісінде бірізділікті қалыптастыру, ата-аналардың бала тәрбиесіне деген жауапкершілігін арттыру және баланың жан-жақты дамуына қолайлы орта құру.
Жиналыс барысында балабақша меңгерушісі Г.А. Сабыркулова сөз сөйлеп, бала тәрбиесіндегі отбасы мен балабақшаның ортақ міндеттері, тәрбие берудегі бірізділік пен өзара ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, баланың бойына адамгершілік қасиеттерді, әдептілік пен жауапкершілікті қалыптастыруда ата-ана мен педагогтердің бір бағытта жұмыс жүргізуі қажеттігін атап өтті.
Медбике Ғ. Джанкелбекова бала денсаулығын сақтау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, күн тәртібін сақтау, дұрыс тамақтану және жеке бас гигиенасына үйрету мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Баланың денсаулығы мен қауіпсіздігіне ата-аналар тарапынан үнемі көңіл бөлудің маңыздылығын жеткізді.
Педагог-психолог Д.А. Дарибаева «Балабақша мен отбасы – бала дамуының қос қанаты» тақырыбында сөз сөйлеп, баланың тұлғалық қалыптасуындағы отбасы мен балабақшаның рөліне тоқталды. Бала тәрбиесінде талаптың ортақ болуы, үлкендердің жеке үлгісі, балаға мейірім мен қолдау көрсету, оның жас ерекшелігі мен психологиялық қажеттіліктерін ескеру жөнінде кеңестер берді. Сондай-ақ, ата-аналар мен педагогтер арасындағы ашық қарым-қатынас пен өзара сенімнің бала дамуына оң әсер ететінін атап өтті.
Жиналыс барысында ата-аналар өз ой-пікірлерімен бөлісіп, бала тәрбиесінде кездесетін өзекті мәселелерді ортаға салды. Тәрбие берудегі ортақ талаптар, отбасындағы тәртіп, баланың мінез-құлқын қалыптастыру, үлкенді сыйлау, әдептілікке баулу және баламен тиімді қарым-қатынас орнату мәселелері талқыланды. Ата-аналар тарапынан ұсыныстар айтылып, өзара тәжірибе алмасу ұйымдастырылды.
Жиналыс барысында бала тәрбиесінде балабақша мен отбасының талаптары мен ұстанымдары бірізді болған жағдайда ғана оң нәтижеге қол жеткізуге болатыны түсіндірілді. Ата-аналарға балаларға үлгі болу, олардың әрбір жетістігіне қолдау көрсету, педагогтермен тығыз байланыста болу және тәрбие мәселелерінде ортақ шешім қабылдау қажеттігі ұсынылды.
Жалпы ата-аналар жиналысы мазмұнды әрі нәтижелі өтті. Қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, отбасы мен балабақша арасындағы ынтымақтастықты нығайту, бала тәрбиесі мен дамуына бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру міндеттелді.

